Алматыда Жұбанов көшесін көркейту жұмыстары аяқталды: танымастай өзгерді

Алматының Әуезов ауданындағы Жұбанов көшесін кешенді көркейту жұмыстары аяқталды. Өтеген батыр көшесінен Саин көшесіне дейінгі аралық толықтай жаңартылып, тұрғындардың серуендеуіне, спортпен шұғылдануына және тынығуына арналған заманауи қоғамдық орынға айналды, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Көркейтілген аумақтың жалпы көлемі – 8,38 гектар. Жаңартылған аумақта 5200-ге жуық тұрғын тұрады. Жоба барысында көгалдандыруға, балалар мен ересектерге арналған демалыс орындарын көбейтуге, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген.

8,38 гектар

Көркейтілген аумақтың жалпы көлемі

5 200-ге жуық

Жаңартылған аумақ маңында тұратын тұрғындар

21 мыңнан астам сәндік бұта егілді

Кешенді абаттандыру аясында Жұбанов көшесінің бойы көгалдандырылып, жаңа жасыл аймақтар пайда болды. Мұнда 464 ағаш және 21 мыңнан астам сәндік бұта егілді.

Өсімдіктер аумақтың сәулеттік келбетіне сай орналастырылып, тұрғындар үшін жайлы микроклимат қалыптастыруға бағытталған. Жасыл желек жаз мезгілінде көлеңке түсіріп, көшенің шаңын азайтуға және ауаның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Көгалдандырылған аумақтарды күтіп ұстау үшін заманауи суару жүйесі де орнатылды. Бұл ағаштар мен сәндік бұталарды тұрақты суарып, жасыл кеңістіктің ұзақ уақыт сақталуына жағдай жасайды.

Балалар мен ересектерге арналған демалыс орындары жасалды

Жаңартылған көшеде балаларға арналған 11 ойын кешені орнатылған. Ойын алаңдары әртүрлі жастағы балалардың белсенді демалуына және бос уақытын қызықты өткізуіне сеп болады. Сонымен қатар көше бойында тұрғындарға арналған 35 демалыс аймағы жасақталды. Мұнда адамдар серуен кезінде тынығып, жақындарымен жүздесіп, уақыт өткізе алады.

11

Балаларға арналған ойын кешені

35

Тұрғындарға арналған демалыс аймағы

Жобада тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері де ескерілген. Аумақта спорттық жабдықтар орнатылып, дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалды. Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдар салынды. Осылайша Жұбанов көшесі тек көлік жүретін аумақ ретінде емес, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін ортақ кеңістік ретінде жаңғыртылды.

Жұбанов көшесіндегі демалыс аймағы. Фото: Алматы әкімдігі.

Заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды

Қоғамдық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Көше мен демалыс аймақтарының жарықтандырылуы тұрғындардың кешкі уақытта да еркін серуендеуіне мүмкіндік береді.

Заманауи шамдар жаяу жүргіншілер жолдарына, балалар алаңдарына, спорттық және тынығу аймақтарына орнатылған. Бұл аумақтың тәуліктің қараңғы мезгіліндегі қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, көшенің сәулеттік келбетін де айшықтай түседі.

Жаңартылған аумақтағы көше шамы. Фото: Алматы әкімдігі.

Көшеге үш авторлық мүсін қойылды

Жаңартылған аумақтың ерекше нысандарының бірі – үш авторлық мүсін. Өнер туындыларының әрқайсысы белгілі бір мазмұн мен ұлттық құндылықты бейнелейді.

Мүсіндер:

  • үлкенге құрмет көрсетуге;
  • көрнекті композитор Ахмет Жұбановтың музыкалық мұрасына;
  • қазақ даласының табиғаты мен сұлулығына арналған.

Авторлық туындылар қоғамдық орынның көркін аша түсіп, заманауи сәулеттік шешімдерді ұлттық дәстүрмен үйлестіреді. Олар көшенің безендіру элементі ғана емес, тұрғындар мен қала қонақтарына мәдени мазмұн ұсынатын көркем нысандарға айналды.

Жұбанов көшесіндегі авторлық мүсіндердің бірі. Фото: Алматы әкімдігі.

Серуендеуге және жүздесуге арналған таптырмас орын

Кешенді көркейту жұмыстары аяқталғаннан кейін Жұбанов көшесінің Өтеген батыр көшесінен Саин көшесіне дейінгі бөлігі мүлде жаңа келбетке ие болды. Бұрын қарапайым көше болған аумақта енді жасыл желек, балалар алаңдары, спорттық жабдықтар, демалыс орындары және жайлы жаяу жүргіншілер жолдары біртұтас жүйеге біріктірілген.

Жаңартылған кеңістік балалардың ойнауына, жастардың спортпен шұғылдануына, егде жастағы тұрғындардың тынығуына және отбасылардың бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.