Кейінгі күндері әлеуметтік желі мен мессенджерлерде "Алматыда жақын арада жойқын жер сілкінісі болады" деген ақпарат тарап жатыр. Алайда мамандар мұндай болжамға ешқандай негіз жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, тұрғындар әлеуметтік желіде "жақын арада жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін" деген ақпаратты қызу талқылап, таратып жатыр. Бірақ мамандар мұндай болжамды жоққа шығарды.
"Алматыда жойқын жер сілкінісі жақындап қалғанын білдіретін сейсмикалық режимнің аномальді өзгерісі тіркелген жоқ", - деді ТЖМ "Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы" өкілдері.
Десе де мамандар қазіргі ғылым жер асты дүмпуі болатын күнді, уақытты, орынды және зілзаланың күшін дәл анықтауға мүмкіндік бермейтінін еске салды.
Сейсмологтар жойқын жер сілкінісіне қатысты белгілер жоқтығына қарамастан, тұрғындар төтенше жағдайларға дайын болуы маңызды екенін де айтты. Мамандар алдын ала "дабыл чемоданын" жинап, үйдегі қауіпсіз жерлерді анықтауды және жақындарымен жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл тәртібін талқылауды ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін маусымда Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз