Тұрғыны көп Алматы қаласында қоғамдық көліктердің уақытымен жүруі де маңызды. Қақаған суықта қоғамдық көліктерге сыймай қалу немесе аялдамада ұзақ күту секілді мәселелер тұрғындарға жақсы таныс. Massaget.kz тілшісі қала тіршілігіне көз салып, жолаушылардың үйлеріне қалай жетіп жүргенін анықтап көрді.
Жақында қоғамдық көлік тапшылығын мойындаған әкімдік өкілдері биыл Алматы қаласы әкімдігі 300 жаңа қоғамдық көлік сатып алумен қатар, 100 троллейбусты жаңартуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
Кейінгі уақыттарда жиілей түскен жол-көлік оқиғасы да санаулы қоғамдық көлік санын одан сайын кемітіп отыр. Қала бойынша кейінгі жеті күнде үш жол апаты тіркелуі - соның айғағы. Желі қолданушылары жол көлік оқиғалары көбейіп кеткенін қызу талқылап жатыр.
15 ақпанда №131 бағыттағы автобустың өртенуінің негізгі себебі ретінде қоғамдық көліктердің әбден тозуы айтылған еді.
Абай даңғылы бойындағы 6-ықшамаудан аялдамасында №55 бағыттағы автобус жол апатына ұшыраған оқиға да жұртшылықтың ашуын тудырды.
"Әрине, жүргізушілер өте қатты жылдамдықпен көлік басқарады, бір көзі жолда болса, бір көзі телефонында", "Осы №55 автобус ылғи жол тәртібін бұзады", - деген пікір жазғандар.
Қыстың аязды күндері де ескі қоғамдық көліктер жиі бұзылып жатады. Соның салдарынан тұрғындарды тасымалдайтын қоғамдық көліктер саны азайып, халық автобусты көп күтіп, кейбіреулері такси қызметін қолданып жатады.
Мақала жазу барысында Алматының Төле би - Байтұрсынов көшелері қиылысындағы аялдамадағы жолаушылармен сөйлестік. Аялдамаға жақын орналасқан Алматы технологиялық университетінде оқитын бір топ студент қоғамдық көлікке жиі сыймай қалатынына шағымданды.
"Асыл Арман ТҮК тұратындықтан маған оқу орнына келіп кетуге №16 қоғамдық көлік ыңғайлы. Алайда бұл қоғамдық көлік өте сирек жүреді. Амал жоқ қала ішінде бірнеше қоғамдық көлікке ауысып мінуге тура келеді. Ол қалтаңа қосымша жүк. Студенттер үшін бұл оңай емес", - дейді студент Алмас Нұртілеу.
Расында да, арнайы қосымша арқылы қоғамдық көліктің бағытын қарап көрдік. №16 автобустың арақашықтығы бір-бірінен тым алшақ екенін байқадық. Қаланың екі шетіндегі Горкий атындағы демалыс саябағы мен Асыл арман ТҮК арасын жалғайтын қоғамдық көліктің сол сәтте бір бағытта екеуі ғана жүргені көрінді.
Ал екі ортадағы 35-ке жуық аялдама бос тұр. Сәйкесінше ондағы қала тұрғындарының да қоғамдық көлікті күтіп қалғаны анық. 15 минут сайын жүруі қажет болса да қоғамдық көлік графикпен жұмыс істемегендіктен, жолаушылар аялдамада сағаттап күтіп қалуға мәжбүр.
Мақала жазу барысында қала ішіндегі №118, №27 бағыттағы қоғамдық көліктердің өте сирек жүруіне қатысты редакциямызға шағым түсті. №118 автобус арнайы қосымшада 7 минут сайын жүруі тиіс деп көрсетілгенімен, арнайы қосымшада қоғамдық көліктердің арақашықтығы 6 шақырымға жуық екенін байқадық. Яғни мұндай арақашықтықпен жоспарланған 7 минутта жетуіне сену қиын.
№27 автобус - рейтингі төмен қоғамдық көліктердің бірі. Желіде пікір білдіргендер жүргізушілердің кейбір аялдамаға тоқтамай өтіп кететінін көп мәрте жазған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!