Алматыда рейс орындаған жолаушылар автобусы өртеніп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 6 қыркүйекте таңертең Саин мен Шаляпин көшелері қиылысында болған. Куәгерлер сағат 8.00 шамасында осы қиылыстағы қалың қара түтін туралы хабарлай бастаған. Кейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан видео жарияланды.
Жарияланған кадрлардан өрт автобустың бүкіл салонын шарпығанын көруге болады. Болжам бойынша, бұл - №38 автобус.
Алматы әкімдігі өкілі оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.
"Мәліметтер нақтыланып жатыр. Өрт сөндірілді. Толығырақ ақпаратты сәл кейінірек жариялаймыз", - деді қалалық Мобилділік басқармасы өкілі.
Алматы ТЖД өкілі №38 автобус жанып жатқаны туралы хабарлама 08.27-де келіп түскенін айтты.
"Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт 08.47-де оқшауланды. 08.50-де тоқтатылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Автобус "Алматыэлектротранс" ЖШС-не тиесілі", - деді ТЖД өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!