Алматыда қоғамдық көліктерде жол жүру үшін сараланған тариф енгізілуі мүмкін. «Көлік туралы» заңға өзгерістерді енгізу мәселесі Парламент Мәжілісінде бекітілген, деп жазады Массагет порталы "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. Құжат сенатор қарауына жіберілген.
"Оңай" картасы бар азаматтарға уайымдаудың қажеті жоқ, олар үшін жол ақысы сол баяғыша 80 теңге болып қала бермек. Ал қолма-қол ақша төлейтіндер үшін билет құны 120 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Жаңа тариф бір реттік жол ақысын төлеп бірнеше бағытқа тегін қатынайтындарға қатысты болмақ.
"Бізде қазір 2-ақ түрі бар. Не сіз 80 теңгеден карточканы аласыз, не сіз пенсионер, оқушы болсаңыз, жеңілдетілген 1 айлық жол жүру картасын аласыз. Енді қазір сіз қоғамдық көлікті жиі қолданбайтын болсаңыз, көрсетілген 10 жүріс, 50 жүріс дегендей карточка аласыз, 1 жылдың ішінде 10-ақ рет жүрсеңіз, бұл карточка сізге 1 жылға жетеді. 1 айдан кейін күйіп кетпейді", - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
Тағы бір жаңашылдық – қоғамдық көлікке аз мінетіндер бірнеше рет жол жүру картасына қол жеткізе алады. Демек, айына 5-6 рет автобусқа мінетін болсаңыз, соған сәйкес карта сатып аласыз. Жолаушылар мұндай өзгерістерді жақсы қабылдады. Олардың айтуынша, бұл қолма-қол ақша төлеп, жүргізушіні мазалайтындар қатарын азайтуға сеп болады.
Осылайша, қала билігі тұрғындардың «Оңай» картасын көптеп қолдануына септігін тигізбек. Демек, бұл жүйе екі тарапқа да тиімді – жолаушылар қосымша 40 теңге төлемейді, ал тасымалдаушылар көлеңкелі табыстарын жасыра алмайды. Жаңа тарифтің нақ қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Құжат толық мақұлданғаннан кейін, өзгертулер мен толықтыруларды жергілікті мәслихат бекітетін болады.