Алматыда үш жастағы қыз бала көпқабатты үйдің терезсінен құлап кетті. Қайғылы оқиға таңғы уақытта үйдегілер шырт ұйқыда жатқанда болған. Бұл — тұрғын үй кешенінде тіркелген екінші қайғылы жағдай. Полиция бала өлімі бойынша тергеуді бастады. Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай таңғы сағат алты шамасында "Ақкент" тұрғын үй кешенінде болған. Куәгерлердің айтуынша, үш жастағы бүлдіршін ата-анасы ұйықтап жатқанда көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап кеткен. Қатты жарақат алған бала жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.
Анасының айқайынан тұрғындар да далаға жүігіріп шыққан. Бірі — полицияға, бірі жедел-жәрдемге хабарласып, қолдан келгенше көмек көрсетіпті.
"Ұйықтап жатқанмын. Күйеуім қатты дауыстан атып тұрды. Біз №60 үйде тұрамыз. Сол жерге келдім, анасы жылап отыр екен. Баланың бетін жауып қойған. Бәріміз шырт ояндық қой. Жедел жәрдем жеті-ақ минутта келді. Бірақ ажалы енді осыдан болып тұр ғой", - дейді көршісі Жібек Әділхан.
Тұрғындар кейінгі уақытта мұндай қайғылы оқиғаның жиілеп кеткенін айтады. Алдыңғы айда ғана төрт жастағы тағы бір бүлдіршін үйдің 14-қабатынан құлап кетіпті. Сондықтан жұрт үлкендер жағы "қорғаныш темірін орнатуды құнттаса" дейді.
"Ақкентте" бір-екі айдың ішіндегі бұл осындай екінші оқиға. Бірінші жағдайдан кейін бірден темір тор қою керек қой. Жалпы көпқабатты үйде кішкентай баласы бар адамның тұруына кеңес бермеймін. Үйге көшіп кірмей жатып темір тор орнатуы керек", - дейді көршісі Айгүл Шаймұқанова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Райымбек даңғылының бойындағы Ақкент шағын ауданында үш жасар қыз жоғары қабаттан құлап кеткенін хабарлаған едік.
Алматы полициясы дерек бойынша, Алатау ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Істің мән-жайы анықталады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!