Алматыда “Жетісу-Семиречье“ базары сүріліп жатыр

Алматыда заңсыз салынған "Жетісу-Семиречье" базарын бұзу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала құрылысын бақылау басқармасы мәліметінше, Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асатын сауда орындарын бұзу жұмыстары басталған.

Бұған дейін жүргізілген тексеріс барысында "Статус Construction" ЖШС рұқсат құжаттарынсыз жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда орындарын салғаны анықталған.

Меншік иесіне әкімшілік шара қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқау берілген. Алайда нұсқау талаптары орындалмағандықтан, басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Осыдан кейін сот талқылаулары өткен.

Алматы қалалық сотының қаулысымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімі өзгеріссіз қалды. Іс материалдары шешімді орындау үшін Әділет департаментіне жолданды.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысандарды өз бетінше бұза бастаған.

Суреттер: Алматы әкімдігі

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!