Алматыда болған жер сілкінісінен кейін полиция көліктері, өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары қала аумағын аралап, тексеріп жатыр. ТЖМ өкілдері мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сағат 13:10-дағы жағдай бойынша Полиция департаментінің патрульдік көліктері, өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары қала аумағын аралап, тексеріп жатыр. Гидробекет бақылаушылары және инженерлік-техникалық мамандар да алгоритмге сәйкес өзен арналарын, нысандарды тексеріп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
ТЖМ "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылымдарды, сондай-ақ, көшкін және сел қаупі бар аймақтарды бақылауға алған.
"Инфрақұрылым нысандары зақымданғаны-зақымданбағанын анықтау үшін визуалды тексеріс қолға алынды. Қазір бұл нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, ТЖМ "Сейсмологиялық зерттеу институты" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:45-те Алматыда жер сілкінісін тіркеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова