- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда жер сілкінісінен...
Алматыда жер сілкінісінен кейін жер үй жалға алатындар көбейген
Алматыда жер сілкінісінен кейін жер үй жалға алатындар көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, 23 қаңтарға қараған түні Алматы мен облыста жалға берілетін үйге сұраныс күрт артқан. Бірақ бұл бағаға әсер еткен жоқ. 24 қаңтардағы мәлімет бойынша нарықта басқа өзгеріс жоқ. Пәтер сататындардың саны артпаған, халық жаппай Астанаға ағылып жатқаны да байқалмаған.
"Қысқа мерзімге жалға берілетін үй, саяжай алатындар көбейген. Жер сілкінгеннен кейінгі бір тәулікте сұраныс төрт есе артыпты. Бұл - ұзаққа созылмайтын құбылыс. Ұзақ уақытқа үй жалға алатындар аса көп емес, дегенмен сұраныс екі есе артқан", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Жұрт жеке үйлерге неге қызыққаны түсінікті, жер сілкінгенде үрейі ұшқан біраз адам бұдан да қатты апат бола ма деп қорықты.
"Алматыда үйді жалға алудың орташа бағасы тәулігіне 100 000 теңге. Мұндай үйлер негізінен сауық кешін өткізуге, мереке тойлауға арналған.
Қазір ең төмен баға мына шамада:
- 2 бөлмелі саяжай 10 000 теңге;
- 3 бөлмелі жер үй 25 000 теңге;
- 4 бөлмелі үй 35 000 теңге.
Сатылатын үйлерге келер болсақ, мұнда жағдай қалыпты. Баға да тұрақты", - деп жазылған мәліметте.
Krisha.kz талдауына сүйенсек, Алматыда жер үйдің орташа бағасы - 40 миллион теңге.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова