Алматылық полицейлер жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен жүргізушіні ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
25 қараша күні 04:15-те Алматының Алатау ауданында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды.
Полицияның мәліметінше, 30 жастағы Р.есімді азамат, ВАЗ көлігін басқарып келе жатып, Жұмабаев пен Солтүстік айналма көшелерінің қиылысында 29 жастағы О.есімді азаматты қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
"Өкінішке қарай, жаяу жүргінші алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды. Іздеу бөлімінің қызметкерлері жаңа технологияларды қолдана отырып, қашып кеткен жүргізушіні анықтады. Ол қамауға алынды. Полиция департаментінің тергеу басқармасында адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен ("Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет") қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті қамауға алынды", - деді Алматы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.
ҚР Қылмыстық кодексінің 201 бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР Қылмыстық кодексінің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз