Алматының орталығындағы Қарасай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы ыңғайландырылып, қалпына келтіріліп жатыр. Бұған дейін жолдың бір бөлігін мейрамхананың жазғы террасасы бөгеп келген. Қазір нысан иелері құрылымды өз қаражатына бұзып алды, – деп хабарлайды Massaget.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарасай батыр көшесінде не өзгерді?
Алмалы ауданындағы Қарасай батыр көшесінің бойындағы аллеяны абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында қаланың орталық бөлігіндегі бірнеше демалыс орнын, соның ішінде "Қарағайлы" саябағын өзара байланыстыратын үздіксіз жаяу жүргіншілер бағыты жасалады.
Қарасай батыр көшесіндегі аллея. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Биыл абаттандыру жұмыстары Наурызбай батыр көшесінен Масанчи көшесіне дейінгі аралықта жүргізіліп жатыр. Бұл бөліктің ұзындығы 500 метрден асады.
Қарасай батыр көшесіндегі аллея. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әкімдік мәліметінше, жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген келіссөздерден кейін мейрамхана иелері тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірген жазғы террасаны өз қаражатына бұзған.
Қарасай батыр көшесіндегі аллея. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
«Енді тұрғындар бұл бөліктен айналма жол іздемей, тікелей өте алады. Бұл, әсіресе, ерекше қажеттілігі бар адамдарға, егде жастағы тұрғындарға және бала арбасымен жүретін ата-аналарға өте маңызды. Босаған аумақта күрделі құрылыс жүргізу көзделмеген», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Аллеяда тағы қандай жұмыстар атқарылады?
Абаттандыру аясында бүгінге дейін 3 500 шаршы метр жерге тас төселіп, көшені жарықтандыратын 105 бағана мен 25 орындық орнатылған.
Келесі кезеңде аумақты көгалдандыру жоспарланып отыр. Аллея бойына ірі ағаштар мен 8 мың түп бұта егіліп, 9 мың шаршы метр көгал төселеді. Сондай-ақ өсімдіктерді күтіп-баптауға арналған тамшылатып суару жүйесі орнатылады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда алғашқы гастрономиялық көше ашылған еді. Ол Масанчи көшесінде орналасқан. Жоба аясында ғимараттардың қасбеті, жарықтандыру жүйесі мен кіреберістері жаңартылып, жазғы алаңдар, велосипед жолы және тұрғындардың демалуына арналған қоғамдық кеңістіктер салынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз