Алматыда жасөспірімді көлігімен қағып, кейін сыра ішуге кетіп қалған жүргізуші сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
2020 жылы жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған Алматы қаласының тұрғыны тағы да мас күйінде көлік жүргізген. Жаяу жүргіншілер өткелінде ол кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кеткен, оны тек артқы көрініс айнасынан байқаған. Алайда полиция қызметкерлері келгенге дейін ол жол апаты болған жерден кетіп қалған, кейін достарымен сыра ішіп, үйіне оралған.
Оқиға салдарынан 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақаттар алған. Кейін алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Сот шешімі
Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралын мас күйінде жүргізген (ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігі) және ауыр зардаптарға әкеп соққан жол-көлік оқиғасы орнын тастап кеткен (ҚР ҚК 347-бабы) айыпталушыға қатысты іс қаралды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңілдік жасауды сұраған.
Сот айыпталушыны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру арқылы 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 14 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова