- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда жас жігіт...
Алматыда жас жігіт жиһаз жасатпақ болған бір топ тұрғынды алдап кеткен
Алматыда жас жігіт жиһаз жасатпақ болған бір топ тұрғынды алдап кеткен. Алданып қалғандардың айтуынша, кемі 200 мыңнан 2 миллионға дейін сомада бұйымдарды дайындап беремін деген азамат ақшаны қайтармай қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Алаяқтың құрбаны болдық деп арызданған бір топ азаматпен жиһаз жасаушы тіпті арнайы схема бойынша жұмыс істепті. Мәселен, зардап шеккендер алдымен сайттан жиһаз жасау туралы хабарландыруды көріп, шебермен кездесуге келіседі. Мекенжайға келген жас жігіт жиһаз тұратын жерді өлшеп, тұрғындардың сеніміне кірген. Азаматтардан дайын өнім құнының 70 пайызын алдын ала төлем ретінде алған ол кейіннен қайта хабарласып, ақшаның жетпей жатқанын айтып, толық төлемге қол жеткізіп отырыпты. Солай "сан соғып қалдым" дегендердің бірі Гүлнұр Нұрғазина 1 жылдан бері не жиһаз, не ақша жоқ деп отыр,
"Маған 1 миллион 420 мың теңге қарыз. Әлі күнге дейін маған бір тиын ақшамды берген жоқ. 21 күнде әкеліп қойып береміз деген соң, жарайды дедім. Күтіп шаршадым", - дейді Айнұр Нұртазина.
Зардап шеккендер алданғанын дәлелдеу үшін біраз есікті қаққан. Дегенмен жас жігітті заңмен мәжбүрлеу мүмкін болмапты.
"Мен полицияға арызданғанда, ол жігітпен жүздестік. Тіпті сол жерде ақшаны қайтарып беремін деген қолхат жазып берді. Бірақ тағы жоғалды. Кейін адвокат жалдап, соттасып, оны сотта жеңіп шықтық. Солай шығыным тіпті көбейіп кетті. Арада 4-5 ай өтсе де, ол әлі емін-еркін ақшаны қайтармай жүр. Кейін ортақ топ ашылғанда, мен сияқты құрбандардың көп екенін білдім", - дейді Рустам Юсупов.
Ал жиһаз жасаушының өзі ақшаны қайтарып беруден қашпайтынын айтқан.
"Мен тапсырыс берушілердің шағымдарымен келіспеймін. Жеке кәсібім 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әр тапсырыс келісімшарт арқылы жүзеге асады. Қазір азаматтық сот бойынша берешегім қыркүйекке дейін орындалады", - деді жиһаз жасаушы.
Полиция бұл іс бойынша әлі де істің ақ-қарасы анықталып жатқанын хабарлады.
"Бүгінгі таңда бірнеше алаяқтық дерегі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полицияға ресми түрде 11 азамат шағым түсірді. Олардың бәрі қылмыстық іс аясында жәбірленуші болып танылды. Қазіргі таңда болған деректердің объектівті мән-жайлары анықталу үстінде", - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан