Алматыда жарық пен су бағасы көтерілмейтін болды. Оңтүстік астанамыздың әкімі Бауыржан Байбек жарық және жылу берушілермен кездесіп, бағаны көтермеуге келісті.
Бүгін, 25 тамыз күні жылу беру маусымына дайындалу жиналысында жаңа сайланған Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Аукенов осылай хабарлады. Бұл халық үшін қуанышты, монополистер үшін қайғылы хабар болды.
Соңғы аптада қала әкімінің тапсырмасы бойынша көптеген жұмыс атқарылды, – деді Ерлан Аукенов, – 145 күн бұрын бірнеше компания коммуналдық төлемдер бағасын көтеруге өтініш білдірген болатын. Ол Алматы электр станцияларына тікелей қатысты.
Олар қарапайым халық үшін – 25%-ға, заңды тұлға және бюджеттік ұйымдар үшін – 30 %-ға көтеруді сұрады. Қала әкімі бұл сұрақты өзі жіті қадағалап, жарық-жылу берушілермен жеке сөйлесті. Тариф жоғарылауы туралы сұраныстар қабылданбады. Монополистер оған түсіністікпен қарады. Оның үстіне тарифті жоғарылатып, бағаны көтеруге тосқауыл қойылсын деген елбасы тапсырмасы бар.
Ерлан Аукенов: "Ендігі жылу беру маусымы күрделі болады. Барынша қолда бар қорды пайдалануымыз керек. Монополистер ішкі қорларды бақылап отырады. Сондықтан ішкі әкімшілік оларға дереу, нақты көмек береді", – деді.