Алматыда жантүршігерлік жол апатынан электрсамокат тізгіндеген ер адам қаза тапты

Алматыда жантүршігерлік жол апатынан электрсамокат тізгіндеген ер адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция департаменті мәліметінше, түнде электрсамокат мінген ер адам жолдың сол жақ шетімен келе жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша оның жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырым болған.

Ол шығыс айналма жолда алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болған. Сол сәтте тізгінді игере алмай қалған. Бірнеше секунд ішінде қайғылы жағдай болған. Бейнежазбадан ер адам асфальтқа құлағанын көруге болады. Соққыдан қорғаныш дулығасы да басынан ұшып кеткен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Ер адам алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Қаза тапқан азамат 54 жаста болған.

"Бұл оқиғаға байланысты соталды тергеу басталды. Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр", - деді полиция.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!