Алматыда жаңадан төселген асфальт опырылды - видео

Алматыда жаңадан төселген асфальт опырылды - видео
Фото: Tengrinews.kz

Алматыдағы Нұрлытау шағынауданында қоқыс таситын көліктің астындағы жаңадан төселген асфальт опырылып түсті. Бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жұмысты 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деген"

Шағынаудан тұрғындарының айтуынша, мұндағы жол мәселесі үш айдан аса уақыттан бері шешімін таппай келеді.

Олардың сөзінше, биыл тамызда құбырларды ауыстыру үшін жолдар қазыла бастаған. Жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауға уәде берілген. Алайда қараша келсе де, тұрғындардың айтуынша, қазылған жолдар әлі қалпына келтірілмеген.

"Жолдың бір бөлігін қазып, сол күйі тастап кетеді. Бұл бірнеше ай бойы қайталанды. Бірақ көзге көрінерлік жұмыс жүргізілген жоқ", – дейді тұрғындар.

Фото: аудан тұрғындары

Тұрғындардың айтуынша, Нұрлытау шағынауданында айналма жол жоқ. Ал шағынауданға кіретін екі жолдың да ой-шұңқыры көбейіп, кей тұстары қазылып тасталған. Соның салдарынан көлік жүргізушілері бүлінген жолмен жүруге мәжбүр.

"Жақында жолға асфальт төсеп берген еді. Бірақ алғашқы жаңбырдан кейін-ақ асфальт опырылып түсе бастады", – деп шағымданды тұрғындар.

Фото: аудан тұрғындары

Мұндай жағдайға шағынауданға қызмет көрсететін қоқыс таситын көлік те тап болды. Жол жабынының бір бөлігі көліктің дөңгелегі астынан опырылып түскен.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жолдағы жалғыз ақау емес. Бұған дейін шағынауданға кіретін екінші жолда да асфальт опырылып кеткен.

"Оны жөндеген сияқты еді. Бірақ арада небәрі 20 метр өткенде жолды қайтадан қазып тастады", – дейді тұрғындар.

Фото: аудан тұрғындары

Tengrinews.kz редакциясы жағдайға қатысты пікір алу және жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатынын білу үшін Алматы қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдаған. Алайда материал жарияланған сәтте әкімдіктен жауап келмеген.

Еске салайық, 10-11 қарашада Алматыда нөсер жаңбыр жауып, қаланың бірнеше ауданын су басты. Әлеуметтік желі қолданушылары суға толған жаяу жүргіншілер жолдарының видеосын жариялап, арықтардың жағдайына және жұмыс пен оқуға қатынаудың қиындағанына шағымданды.

Сондай-ақ, нөсер салдарынан "Алатау" метро станциясының кіреберісін су басты. Сол кезде Алматы метрополитені бұған жауын-шашын мен қалалық су бұру жүйесінің шамадан тыс толып кетуі себеп болғанын түсіндірген.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget