- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда жаңа метро...
Алматыда жаңа метро бекеті қашан ашылады?
Алматыдағы "Қалқаман" метро бекеті 2026 жылы қолданысқа беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Парламенті Мәжілісі депутаттарының метрополитенге жасаған жұмыс сапарында белгілі болды. Қазіргі таңда стансаның 2 шақырым құрылыс аймағында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Кездесуде 2030 жылға қарай қалада 36,5 шақырым аумаққа созылатын 21 бекет салынатыны айтылды. Жоспарға сай метро желісінің бір бағыты әуежайға дейін жетсе, енді бір бағыты "Алматы-1" теміржол вокзалының маңына жақындайды екен. Аялдама Сүйінбай даңғылы мен Хмельницкий көшесінің қиылысына түспек.
"Метро алматылықтарға ұнайтын, күнде қолданылатын қоғамдық көлікке айналды. Жаңа деректерін көріп отырсыздар, осы 2023 жылдың нәтижесінде ғана қанша миллиондаған адам күн сайын метромен қатынап жүр. Әрине, метроның қызметін кеңейту керек, станциялардың саны артуға тиіс. Оның аясында қаржы мәселесі де, технология мәселесі де бар. Кадр мәселесі де бар екенін көріп отырмыз. Күніне 3 метрден қазып жатыр дегеннің өзінде, бұл - ұзақ мерзім", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
"Қалқаман" бекетінің құрылысына қазірдің өзінде 15,8 миллиард теңге бөлініпті. Жоба толығымен аяқталуы үшін енді 52 миллиард теңге қажет. Сондай-ақ, жоспар бойынша, бұл бекетті "Барлық" базарына дейін ұлғайту және сол аумақта 1380 көлікке арналған автотұрақ салу да көзделіпті. Метрополитен қызметкерлерінің сөзінше, бекеттер санының артуы адам тасымалын да көбейтеді. Бүгінде метромен күніне 70 мыңға жуық тұрғын қатынаса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланады.
"Қазіргі таңда Қалқаман стансасы 2 шақырым құрылыс учаскесінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Күніне тоннель 3 метрден салынып жатыр. Жоспар есептелінгендей болса, қаржы уақытылы бөлінсе, 2026 жылы жұмысты аяқтауға дайынбыз", - дейді Метрополитеннің күрделі құрылыс жөніндегі директорының орынбасары Қанат Ахметов.
Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының Метрополитенімен бірлесіп, жаңа бекеттердің құрылысы туралы эксклюзив материал дайындады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова