Алматыда мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 3 мыңнан аса полиция жұмылдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, Алматыда жаңа жылдық мереке күндері тыныш өткен.
"Қызметтер мен бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Патрульдік полиция нарядтарының саны ұлғайтылды, жаяу патрульдеу маршруттары әзірленді, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қорғау үшін Ұлттық ұланның 300 әскери қызметшісі тартылды", - деді Салтанат Әзірбек.
Азаматтар көп жиналатын және мерекелік іс-шаралар өткізілетін орындарға ерекше назар аударылған.
31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Алматыда 65 қылмыс тіркелді, олардың көпшілігі мүліктік және тұрмыстық сипатта болды. Оның ішінде 42 қылмыс ізі суымай ашылған. Сонымен қатар мереке күндері 200-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, жолы кесілді.
Қала жолдарында 26 мас жүргізуші ұсталып, көлік жүргізуден шеттетілген.
103 пультіне мереке күндері 23 мыңнан аса шақырту түсті, оның 16 мыңына жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетті. Бұл үшін күн сайын 186 бригада тартылды, онда 500-ден аса қызметкер жұмыс істеді.
"Жедел жәрдем қызметіне түскен шақыртулардың 10-13%-ы жарақаттануға қатысты. Пиротехникалық құралдардан зақымданудың 19 жағдайы тіркелді. 55% жағдайда аяқ-қолдың жарақаттануы, қалған жағдайларда бет, көз және мойын зардап шекті", - деді Жедел медициналық жәрдем қызметінің медициналық бөлімі бойынша директордың орынбасары Андрей Ложкин.
Мереке күндері жылдағы әдетке сай қоңыраулар саны 5-6%-ға өскен. Өтініштердің негізгі себептері кенет туындаған аурулар, тұрмыстық жарақаттар, күйіктер, ішімдіктен және тамақтан улану болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!