Алматыда жалған көлік нөмірлерін сатқан күдікті ұсталды

Қазақстанның түрлі өңіріне жалған мемлекеттік нөмір сатып келген заңсыз схеманың ұйымдастырушысы ұсталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу мәліметі бойынша күдікті Алматы қаласында жалған мемлекеттік нөмірлерді тұрақты түрде сатумен айналысқан. Заңсыз өнімдер Ресейден экспресс жеткізу қызметі арқылы жеткізіліп, кейін еліміздің әртүрлі аймағындағы тапсырыс берушілерге жолданған.

Тінту және жедел іздестіру шаралары барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері мен іске қатысты басқа да заттай дәлелдер тәркіленген.

Қазір құқық қорғау органдары заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтап жатыр.

Бас көлік прокуратурасы жалған нөмірлерді жасау немесе пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салып, мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретінін хабарлады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз