Қазақстанның түрлі өңірлеріне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін сатып келген заңсыз схеманың ұйымдастырушысы ұсталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның хабарлауынша, арнайы операция Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен және Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілген.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті Алматы қаласында жалған мемлекеттік нөмірлерді тұрақты түрде сатумен айналысқан. Заңсыз өнімдер Ресейден экспресс-жеткізу қызметтері арқылы жеткізіліп, кейін еліміздің әртүрлі аймақтарындағы тапсырыс берушілерге жолданған.
Тінту және жедел-іздестіру шаралары барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен іске қатысты басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазір құқық қорғау органдары аталған заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бас көлік прокуратурасы жалған мемлекеттік нөмірлерді жасау немесе пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салып, мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова