Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының экс-басшысы, геолог сарапшы Әнуар Боранбаев Алматыдағы сейсмологиялық ахуал жайлы болжамымен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман 17 қазан күні таңға жуық уақытта орын алған жерасты дүмпуін бақылағанын және оның қаңтардағы жер сілкінісінің эпицентріне жақын болғанын атап өтті.
"Бүгін таңға жуық уақытта орын алған жерсілкінісі Қытай аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде болды. Байқағанымыздай, аталмыш эпицентр 2024 жылдың 23 қаңтарында Қытайда болған жойқын жер сілкінісінің ошағына жақын жерде орналасқан. Жалпы осы нүктелерде 2013 жылдан 407 жерасты қозғалысы тіркелген. Олардың арасында жеңіл, жойқындары да бар", - деп жауап берді маман.
Ал алдағы уақытта Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайды деп болжады ол.
"Жақын күндері қандай сейсмикалық жағдай күтіп тұрғанын нақты бағалап бере алмаймын. Әсіресе жер сілкінісінің күшін, күнін, жойқын немесе катастрофиялық деңгейін болжап білу қиын. Тек белгілі бір ықтималдық дәрежесімен өткен кезеңдегі ғалымдардың еңбектерін пайдалана отырып және алдағы уақытта да ағымдағы жылдардағы ғалымдардың еңбектерімен танысуды жалғастыра отырып деректер ұсына аламын. Жалпы алдағы жылдары Қазақстан аумағында жойқын жер сілкінісіне әкелетін күшті дүмпу болмайды. Бірақ бізге шекаралас мемлекеттерден сейсмикалық "сәлемдеме" келіп тұратыны анық", - деп қосты Әнуар Боранбаев.
Қоса кетейік, Алматыда 17 қазан күні сағат 03.23-те 2 балдық жер сілкінісі тіркелген еді. ТЖМ зардап шеккендердің жоқ екенін хабарлаған болатын.
Жер сілкінісі кезінде қажетті 10 қарапайым қадам:
Алматы тұрғындары 2024 жылы 23 қаңтарда жер сілкінісін сезді. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды.
Көктем басталысымен, 2024 жылы 4 наурызда қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді.
Еске салайық, бұған дейін белгілі профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасып, Алматыдағы жер сілкіністерінің ғылыми негізі туралы сұраған едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!