Алматыда интернет казино желісі әшкере болды

Алматыда заңсыз интернет казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен адамдардың әрекетіне тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу дерегінше, күдіктілер Olymp Casino, Rukh Poker және 7Kcasino интернет казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Соның ішінде Rocket.do онлайн платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.

Бұл іске қатысушылардың бірі - шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.

"Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған. Соның нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ, өз шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты", - деп жазылған хабарламада.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!