• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Алматыда инфекция өршуі негізінен балалар арасында байқалған

Алматыда инфекция өршуі негізінен балалар арасында байқалған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балалар арасында инфекция өршуі байқалады

ӨКҚ-да өткен брифингте ол 2025 жылдың төртінші аптасында қалада ЖРВИ-дің 17 578 жағдайы тіркелгенін айтты. Бұл көрсеткіш былтыр осы кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге төмен, алайда алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары болып отыр.

Мамандардың айтуынша, инфекция өршуі негізінен балалар арасында байқалады, бірақ ауру деңгейі бақылау шегінен аспаған.

Қандай вирустар тіркелген?

Эпидемиология маусымы басталғалы (2024 жылғы 1 қазаннан бастап) 297 756 ЖРВИ жағдайы тіркелген, олардың 62,7 пайызы балаларда. Зерттеулер нәтижесінде қалада тұмаумен қатар, риновирус, бокавирус, аденовирус және басқа да ЖРВИ қоздырғыштары жүріп жатқаны анықталды.

"Қала аумағында сегіз қадағалау орталығы жұмыс істейді, оның төртеуі емханаларда, қалған төртеуі стационарларда орналасқан. Бұл орталықтарда жедел респираторлық инфекцияларға тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді жауаптылар.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары адам көп жиналатын орындардан аулақ болу, маска тағу, иммунитетті нығайту және ауру белгілері пайда болған жағдайда уақытылы дәрігерге қаралуды ұсынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget