2023 жылы Алматыда хостел өртеніп, 13 адам ажал құшты. Бүгін сот үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық іс бойынша хостелдің директоры Әділбек Мұхамедияров пен ғимаратқа өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан Александр Пекельник жауап берді.
Сот мәліметінше, Пекельник үй-жайдың меншік иесі саналатын ЖШС-мен өрт дабыл жүйесін жеткізу, орнату және іске қосу-баптау жұмыстары бойынша келісімшарт жасасқан.
"Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты болған. Сотта ол нысанды өзі барып көрмегенін, танысы О. Пекельниктің атына тіркелген жеке кәсіпкерлікпен жұмыс істегенін мойындады. Пекельник жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздігін бақыламаған, тек құжаттарға ресми түрде қол қойған", - деп жазылған хабарламада.
Соттың мәліметіне сүйенсек, өрт дабыл жүйесін электр жабдықтарымен жұмыс істеуге рұқсаты мен біліктілігі жоқ адамдар орнатқан.
"Жұмыстар жобамен сәйкес келмеген. Сарапшының мәліметі бойынша дыбыс сигналының деңгейі кемінде 75 дБ болуға тиіс, алайда іс жүзінде ол 28,8-72,7 дБ аралығында болған, ал тұрғын және жертөле бөлмелерінде 28,8-58,2 дБ деңгейінде ғана болған, бұл өрт шыққанда дер кезінде ескертуге мүмкіндік бермеген", - деп жазылған хабарламада.
Ал Мұхамедияров өрт қауіпсіздігі талаптары мен заңнамада көрсетілген тыйымдарға қарамастан, жертөле қабатында 48 орынға арналған 6 жатын бөлме жасаған.
"Ол эвакуацияға арналған жалғыз шығу есігін құлыптап қойған, бұл адамдардың шұғыл эвакуациялану мүмкіндігін шектеген. Өртке дейін бес күн бұрын Мұхамедияров жертөле қабатының дәлізіне матрастар төсеп қойған, бұл өтетін жолды тарылтып, эвакуация жолында кедергі болған", - деп жазылған хабарламада.
Сот мынадай үкім шығарды:
- Мұхамедияров ҚР ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Пекельник ҚР ҚК-нің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, бұған дейін сот жәбірленушілердің санын ескеріп, моральдық зиян сомасын әрқайсына 7 миллион теңгеге дейін азайтқаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова