Алматыда ғалымдар мен жоғары оқу орындарының басшылығы Президент Жолдауын талқылады

Алматыда жоғары оқу орындарының проректорлары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын талқылады. Кездесуде жаңа экономикаға қажетті мамандар даярлау, ғылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және университеттердің қаладағы өзекті мәселелерді шешуге қатысуы басты назарға алынды.

Талқылау Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің қалалық жоғары оқу орындарының проректорлары және өкілдерімен кездесуінде өтті. Қатысушылар Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды жоғары білім беру жүйесінде іске асыру жолдарын және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті өзгерістерді қарастырды.

Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтардың бірі – инфрақұрылымды, энергетиканы, цифрлық экономиканы және жоғары технологиялық салаларды дамыту. Бұл бағыттар инвестициялар мен жаңа өндірістік қуаттарды ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, инновацияларды енгізіп, нақты шешімдер ұсына алатын білікті кадрларды қажет етеді.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек атап өткендей, университеттер Президент айқындаған өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс.

«Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында дәстүрлі білім беру үдерісінің шеңберінен шығатын маңызды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, энергетиканы дамыту, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты басымдықтарды айқындады. Оларды іске асыру үшін елімізге білікті инженерлер, IT мамандары, зерттеушілер мен басқарушы кадрлар қажет. Сондықтан университеттер тек түлектер даярлаумен шектелмей, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімдеп, қолданбалы ғылымды дамытып, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтуы маңызды», – деді Азиз Қажденбек.

Кездесу барысында ғылым мен өндірісті ықпалдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Білім беру саласы өкілдерінің пікірінше, университеттерде жүргізілетін ғылыми зерттеулер тәжірибеде қолданылуы, ал студенттер оқу барысында нақты жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Талқылауға қаланың жетекші жоғары оқу орындарының, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Президент айқындаған міндеттер инженерлік кадрлар даярлайтын техникалық университеттер үшін ерекше өзекті.

«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және энергетиканы дамыту заманауи инженерлік құзыреттерге ие мамандарды қажет етеді. Студенттердің тек теориялық білім алып қана қоймай, қолданбалы зерттеулерге қатысуы, жаңа технологиялармен жұмыс істеуі және өндірістің нақты міндеттерін түсінуі маңызды. Дәл осындай даярлық жас мамандардың ел дамуына нақты үлес қосуына мүмкіндік береді», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Сапар Шалабаев.

Талқылаудың тағы бір маңызды тақырыбы цифрлық трансформация болды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық шешімдерді формалды түрде енгізуден нақты экономикалық және қоғамдық нәтиже беретін технологияларды қолдануға көшу қажеттігін атап өтті. Бұл университеттер үшін тек болашақ бағдарламашылардың ғана емес, барлық мамандық студенттерінің цифрлық құзыреттерін дамыту қажеттігін білдіреді.

«Жасанды интеллект қазірдің өзінде барлық дерлік саладағы мамандарға қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Сондықтан университеттердің міндеті – студенттерді цифрлық құралдарды пайдалануға ғана емес, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлеуге, ақпаратты сыни тұрғыдан талдауға және алған білімдерін тәжірибеде қолдануға үйрету. Бұл ретте білім, ғылым және бизнес арасындағы өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің проректоры Нұржан Дүзбаев.

Азиз Қажденбек Алматы үшін университеттер мен қалалық құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықтың ерекше маңызға ие екенін де атап өтті. Бүгінде мегаполисте 36 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оларда 238 225 студент білім алуда, оның 158 мыңға жуығы еліміздің өзге өңірлерінен келген.

«Алматының білім беру және зияткерлік әлеуеті өте жоғары. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисті дамытуда жастар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты біздің ортақ міндетіміз – жастардың білімі, бастамалары мен ғылыми әзірлемелері қаланың дамуына үлес қосатындай жағдай жасау. Ол үшін жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысын нығайтып, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, қолданбалы зерттеулерді қолдау және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет», – деді Басқарма басшысы.

Президент Жолдауын талқылаумен қатар, кеңесте студент жастармен жұмысты ұйымдастыру, жатақханаларда тұратын өзге өңірлерден келген студенттерді тіркеу, сондай-ақ алдағы мерекелік күндер мен қысқы каникул кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша университеттер, жұмыс берушілер және қалалық құрылымдар арасында жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, мамандар даярлау сапасын арттыру және жастардың Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал