Алматыда есірткі зертханаларын прекурсорлармен қамтамасыз ететін ірі қылмыстық желі анықталды

Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері (бұдан әрі- ЕКБ) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеп тұрған есірткі зертханалары үшін БК-4 прекурсорларын (синтетикалық препараттардың негізгі құрамдас бөлігі) жеткізумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты анықтау және жою бойынша сәтті операция жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қара нарықтағы прекурсорлардың бір келісінің құны - 250 доллар. Ұсталған заттардың жалпы мөлшері 800 мың АҚШ долларынан асады.

2024 жылғы тамыз айынан бастап ЕКБ қызметкерлері қылмыстық топты бақылауға алды, топ мүшелері әрекеттерді үйлестіру үшін Telegram желісін пайдаланды. Жұмыс барысында прекурсорларды сақтайтын үш қойма анықталды: біреуі Алматы қаласында және екеуі Алматы облысының Іле ауданында.

2025 жылғы 1 қаңтарда жедел қызметкерлер Алматыдан Қарағанды облысына 180 кг прекурсорлардың тасымалданғанын тіркеді. Онда есірткі зертханалары табылып, олардың жұмыс істеуіне қатысы бар адамдар ұсталды.

9 қаңтарда Алматы мен Алматы облысында бір мезгілде қылмыстық топтың 9 мүшесі ұсталып, есірткі зертханасы табылды.

Рұқсат етілген тінтулер кезінде келесілер тәркіленді:

  • ерекше ауқымды прекурсорлар: 3 тонна 210 литр;
  • есірткі заттарын өндіруге арналған зертханалық жабдық;
  • қару-жарақ пен оқ-дәрілер, соның ішінде тапанша, мылтық және граната тәрізді заттар; 
  • өсімдік пен ұнтақ тектес есірткі заттары.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, қылмыстық тізбектегі барлық байланыстарды анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!