Алматыда есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен шетелдіктер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Олардың қылмыстық әрекеттерін есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері арнайы іс-шара барысында әшкереледі. Пәкістан мен Үндістанның екі азаматы Алматыда есірткі кәсібін бастаған. Олардың бірі Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды.
– Күдіктілер өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін жеке үйді жалға алған – бір қызығы, "Мяу" фильмінің кейіпкерлері есірткі зертханасын ұйымдастырған үйді. Тұрғын үйді тінту кезінде сатуға дайын аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі, зертханалық жабдықтар, прекурсорлар табылды және тәркіленді. Шетелдіктердің жұптасып жұмыс істегені анықталды: бірі есірткіні қайнатса, екіншісі оны жасырын қою арқылы таратқан. Айтпақшы, іздестіру шаралары қаскөйлердің тұрғылықты жерінде де жүргізілді. Олар "синтетика" салынған байламдарды жатын бөлмесінде сақтаған. Тәркіленген синтетикалық психотроптық заттардың жалпы салмағы 4 келіден асады. Күдіктілер қамауға алынды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!