Алматыда электр энергиясы тарифі өзгереді: қашан, қалай?

Алматыда электр энергиясы тарифі өзгереді: қашан, қалай?

Алматыда электр энергиясының тарифі өзгереді. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Алматы қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Әсел Бөденеева мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тариф қашаннан бастап, қалай өзгереді?

Алматыда барлық тұтынушыға тарифтер 15 қазаннан бастап өзгереді.

"Орташа тариф 29,04 теңге болады, яғни 3,7 пайызға өсіп отыр. Халыққа 27,59 теңгеге өзгереді, яғни 8 пайызға өседі. Заңды тұлғаларға 30,08 теңге болады, 8 пайызға өседі. Бюджеттік ұйымдардың тарифі 30,47 теңге болады, ол 7 пайызға төмендейді", – деді департамент өкілі Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Өзгеріске не себеп?

"Бұған электр энергиясын өндіруші қызметіне тарифтердің өсуі, электр энергиясын беру қызметіне тарифтердің өзгеруі әсер етіп отыр", – деді Әсел Бөденеева.

Айта кетейік, 2024 жылы ақпанда коммуналдық қызмет бағасы бойынша айтарлықтай өсім тіркелгені белгілі болды.

Ақпанның қорытындысы бойынша суға баға жылдық мәнде 33,9 пайызға өсті, бұл басқа коммуналдық қызметтерге қарағанда көп.

Сол кезде қалған коммуналдық қызметтер бойынша да осындай жағдай байқалды:

  • жылыту бойынша баға өсімі бір жылда 30,9 пайыз болған;
  • суық суға 30,8 пайыз;
  • қоқыс төгуге 30,7 пайыз;
  • ыстық суға 29,4 пайыз;
  • электр энергиясына 19,9 пайыз.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова