Алматыда экс-судья Светлана Жолмановаға тағы бір сот үкімі шықты

Алматыда экс-судья Светлана Жолмановаға тағы бір сот үкімі шықты
Фото: instagram.com/zholmanova.svetlana

Алаяқтық жасағаны үшін 10 жылға сотталған бұрынғы судья Светлана Жолмановаға тағы бір сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

11 ақпанда №2 Медеу аудандық соты 45 жастағы Светлана Жолмановаға үкім шығарды. Ол ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Аса ірі мөлшердегі алаяқтық") бойынша кінәлі деп танылды.

Бұрынғы судья алты жәбірленушіге 168 миллион теңгеден аса шығын келтіргені белгілі болды.

Сот оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Десе де осы бап бойынша 2025 жылы 19 маусымда шыққан үкімді (10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын) ескеріп, экс-судьяға орташа қауіпсіздік мекемесінде түпкілікті 10 жыл тағайындалды.

Осылайша бұрынғы судья үшін жазаның негізгі бөлігі өзгерген жоқ.

Жолмановаға қатысты істер

Айта кетейік, Светлана Жолмановаға 2021 жылы қылмыстық іс қозғалған болатын. Сол уақытта экс-судья мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектесіп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейінірек қылмыстық іс тоқтатылып, ол судья қызметінен босатылды.

2024 жылы қазанда бұрынғы судья Светлана Жолманова полицияға жеткізілді. Артынша Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. 

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесемін деген сылтаумен алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден аса сомадағы қаражатын қолды қылған. Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілген.

2025 жылы маусымда Алматыда бұрынғы судья Светлана Жолмановаға сот үкімі шықты. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget