• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Алматыда екі жасар бала 105 магнит жұтып қойған

Алматыда екі жасар бала 105 магнит жұтып қойған
Фото: Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматыда хирургтер екі жасар баланың асқазанынан 105 магнит моншақ шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

20 ақпанда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 2 жас 3 айлық бала бөгде зат жұтуы мүмкін деген күдікпен жеткізілген. Ата-анасының айтуынша, шамамен бір апта бұрын қонаққа барғанда, баласы металл магнитті жұтып қойған болуы мүмкін, бірақ магниттің нақты саны белгісіз еді.

Құрсақ қуысының рентгенографиясы барысында өлшемі 6,2×2,2 см болатын көптеген металл зат анықталған. Бөгде затты алып тастау үшін бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.

"Ота барысында баланың асқазанынан 105 магнит моншақ алынды. Отадан кейін бала жансақтау бөліміне ауыстырылып, кейін хирургия бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық", - деді дәрігерлер.

Мамандар ата-аналарға ойыншық таңдауда мұқият болу керек екенін ескертті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget