- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қамауға алу
Алматыда екі блогер қамауға алынды
17 желтоқсанда Алматы қаласы прокуратурасының Азаматтарды қабылдау орталығы (АҚО) ғимаратына блогерлер Антон Князев пен Дамир Кушеев келді. Бұған дейін олар қызметтік көліктер мен прокуратура қызметкерлерінің кіріп-шығуын бейнетаспаға түсірген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Антон Князев пен Дамир Кушеев прокуратура аумағында жүрген кезде АҚО қауіпсіздік қызметкерлеріне қасақана және дөрекі түрде кедергі жасап, олардың жұмысына бөгет келтірген. Сондай-ақ автотұраққа кіріп жатқан көліктердің алдыңғы терезелерін ұрып, жүргізушілерге тиіскен, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған. Осы себепті олар Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Антон Князев пен Дамир Кушеев Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қаласының прокуратурасы қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын еске салады және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина