СҚО полицейлері ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған деструктив діни ағым жетегіндегі шетелдіктерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алматылық әріптестерімен бірлесіп, Қазақстанда тыйым салынған діни-тоталитарлық сектаны ұстанған Ресей Федерациясының екі азаматын ұстады.
42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел бұған дейін де жедел уәкілдердің назарына іліккен: 2022 жылдан бастап олар Петропавлға келіп, "рухани тазаруды" уәде еткен және секталарына шақырған. Нәтижесінде екеуіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 489-бабының 10-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Сот құқық бұзушыларды 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеп қана қоймай, ел аумағынан шығуға міндеттеді. Алайда сектаны ұстанушылар Ресейге емес, Петропавлдан Алматыға кетіп қалған. Уақыт өте келе оларды полицейлер тағы та ұстады.
Бірер күн бұрын Петропавлдың мамандандырылған әкімшілік соты оларды ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заң бұзушылар Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді және оларға ҚР аумағына кіруге 5 жылға тыйым салынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз