Алматылық гинекологтар әйелді жатырдағы үлкен ісіктен құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға өлшемі 8 сантиметр болатын үлкен қатерсіз ісігі бар 30 жастағы әйел түскен.
Дәрігерлер жатыр артериясының эмболизациясын жасау туралы шешім қабылдаған. ОҚКА гинекология бөлімінің меңгерушісі Алмат Қоңырқұлжиновтың айтуынша, миома эмболизацияланғаннан кейін көп ұзамай ол жойылып, оның орнында тек дәнекер тін қалады.
"Ісік мөлшеріне қарамастан, біз науқастың жасын ескере отырып, әйелдің ұрпақты болу мүшелерін сақтау үшін алып тастаудың орнына жатырдың эмболизациясын жасау туралы шешім қабылдадық. Кем дегенде 20 минутқа созылған ота тек бір пункцияны қолдана отырып, интервенциялық әдіспен жасалды және сәтті өтті. Науқас төрт күн бойы біздің бақылауымызда болды және бүгін қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Ісікті одан әрі бақылау үшін 3-6 айдан кейін ультрадыбыстық зерттеу тағайындалды", - дейді Алмат Қоңырқұлжинов.
Жатыр артерияларының эмболизациясы қатерсіз ісікті емдеудің тиімді әдісі саналады және жатырды аман алып қалуға көмектеседі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!