Алматыда дәрігерлер жаңа туған сәбиден екі келі ісікті алып тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
18 тамызда салмағы төрт келіден асатын қыз бала дүниеге келген. Оның сегізкөз-құйымшақ тұсында үлкен ісік анықталған. Ол алғашқы сәттен бастап өмір үшін күрескен.
Туа біткен мұндай ісік нәресте туған кезде қатерлі ісік болмаса да, алғашқы алты айда қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін. Бала туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ перзентханаға барып, нәрестені Алматы балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізген.
Қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылып, күрделі отаға дайындық басталған. Келесі күні дәрігерлер ісікті алып тастаған.
"Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі отаның бірі болды. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді, демек, оның тең жартысы ісік болған. Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірдік. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шығарылады", - деді балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!