Алматыда қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқарма бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы күрес басқарма бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды деген ақпарат пайда болған. Ол Алматыдағы есірткі зертханаларының бірінде синтетикалық есірткі өндіруге көмектесті деген күдікке ілінген.
Алматы полиция департаменті бұрынғы қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Полицейлер бұл қызметкердің биыл қазанда ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылғанын айтты. Оның жұмыстан босатылуы кезектен тыс аттестаттаудың нәтижесінде болды, оның барысында ол лауазымына сәйкес емес деп танылды.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталған болатын. Ол бірнеше рет пара алды және ұйымдасқан қылмыстық топтарға қамқорлық жасады деген күдікке ілінді.
Қарашаның аяғында ҰҚК Қазақстанның оңтүстігінде жоғары лауазымды полицейді ұстауға қатысты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!