Алматыда бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткен әйел өлімінің мән-жайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соколова Наталья 2022 жылы 13 қарашада Алматыда жоғалып кеткен. 59 жастағы әйел үйінен шығып кетіп, оралмаған. Оның артында қарт анасы қалды.
Алматы қалалық Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, бұл жағдайда тұрмыстық адам өлтіру дерегі болған.
"С. есімді әйел бірге тұрған адамның қолынан қаза тапқан. Қылмыс іздерін жасыру мақсатында ер адам әйелдің мәйітін Алматы облысының аумағына көмген. Күдікті қамауға алынды. Оның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сараланған. Сараптама тағайындалды", - деп хабарлады Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Марқұмның досы әйелдің денесі жоғалып кеткеннен кейін бірнеше аптадан кейін табылғанын айтты. Әйел қарт анасымен бірге тұрған пәтерді сатып, ақшаны осы ер адамға берген.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 25 желтоқсанда жоғалып кеткен 1964 жылы туған Көкшетау тұрғыны өлімінің мән-жайы белгілі болды.
Ақмола облысы ПД өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылғы 30 желтоқсанда Көкшетау ҚП-ға облыс орталығы тұрғынының 1964 жылы туған күйеуін іздестіруге шаралар қабылдау туралы өтініші келіп түсті. Әйел 2022 жылғы 25 желтоқсанда ер адам үйден шығып, полицияға хабарласқанға дейін оралмағанын хабарлады. Әйел ер адамның есте сақтау қабілетінің нашарлауынан зардап шегуі мүмкін екенін түсіндірді.
"Іздестіру іс-шараларына Көкшетау ІІД жеке құрамы мен оған қарасты күштер жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адам баруы мүмкін орынның барлығын тексеріп, ықтимал куәгерлерден жауап алды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген адамға сыртқы келбеті бойынша ұқсас адамды көргендер анықталды, бірақ оның одан әрі әрекеті туралы олар білмеді. Жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс тоқтаған жоқ.
2023 жылдың 27 қаңтарында Шығыс өнеркәсіп аймағында көзге көрінетін зорлық-зомбылық белгілері жоқ ер адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Сараптама тағайындалды", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!