- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда бірнеше ұрлыққа...
Алматыда бірнеше ұрлыққа қатысы бар күдікті қолға түсті
Алматыдағы компьютерлік клубтарда ұрлық жасап жүрген күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірқатар ұрлық жасаған қала тұрғыны ұсталды. Ол Алмалы ауданында кемінде 10 ұрлық жасады деген күдікке ілінген.
Полицияның мәліметінше, ер адам компьютерлік клубтардың клиенті ретінде келіп, телефондарды, ойын приставкаларын және оларға арналған бөлшектерді жасырын түрде ұрлаған. Сонымен қатар ол жатақханалар мен қонақүйлерден сырт киім мен әкімшілікке тиесілі қаражатты ұрлаған.
"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 30 жастағы күдікті ұсталды. Бірқатар ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Оның жеке басы бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр. Айтпақшы, бұрын бұл азамат бірнеше рет ұрлық пен тонау жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған", – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина