Алматыда бүтін бір ықшамауданды жылусыз қалдырған жүргізуші іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ауыр жүк көлігін тізгіндеген ер адам газ құбырын қиратып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зақымдалған құбырдың кесірінен қақаған қыста 50-ден аса баспана бір түнді жылусыз өткізді.
"Бұл деректі Түрксіб ауданық полиция басқармасының қызметкерлері тергеп жатыр. Жергілікті полиция басқармасына қарасты іздестіру бөлімінің қызметкерлері осы жол көлігі оқиғасын жасаған және оқиға болған жерден бой тасалаған автокөлік жүргізушісін іздеп жатыр. Ол міндетті түрде табылып, жауапкершілікке тартылатын болады", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ауыр жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші 16 қаңтарда түске таман құбырға соғылып, артындағы қоршауды құлатып кеткен. Сөйтіп, оқиға орнынан қарасын батырыпты.
Ал құбырдың майысқан жері қоқыспен бітеліп қалған соң, айналадағы үйлерге газ әрең жетіп отырған. Қысымның аздығынан пештері сөніп қалыпты. Осылайша, "Қайрат" ықшамауданындағы 200-ге жуық үй жылусыз қалды. Тұрғындар шу көтергеннен кейін мамандар ілезде келіп, ақауды реттегенімен, тек 135 үйге ғана газ беріле бастаған. Қалған 52 баспана бір түнді дірдектеп өтізген. Жөндеу жұмысы 17 қаңтарға дейін жалғасты. Әкімдіктегілер қазір барлық үйде жылу бар деп сендірді.
"Газ қысымы өте әлсіз болды. Пеш бірде өшіп, бірде қосылып отырды. Суық болды. Кейбір үйлерде газ мүлдем болмады. Қазір енді үйіміз айтарлықтай жылып қалды. Мұндай оқиға алғаш рет болды", - Алматы қаласының тұрғыны Руслан Мальсагов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!