- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы ауа райы
Алматыда бір түнде 14 см қар жауды: жүргізушілерге маңызды ескерту жасалды
Алматыда қалың қар жауып, 1 115 жұмысшы мен 475 техника жұмылдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір түнде 14 см қар жауған. Сондықтан Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Таңғы 9:00-дегі мәлімет бойынша қалада 14 см, Каменск үстіртінде 22 см, Шымбұлақта 20 см қар жауды. Жауын-шашын мөлшері 9 мм болып, айлық норманың (35 мм) 26 пайызын қамтыды.
Әкімдік мәліметінше, қар жауа бастаған сәттен бастап 194 құмсепкіш техника күшімен көктайғаққа қарсы материал себіліп жатыр.
"Таңғы сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 3 600 тонна материал пайдаланылды. Сағат 4:30-дан бастап жол патрульдік полиция көліктерінің бастап жүруімен қар күрейтін 25 техника колоннасы ұйымдастырылды. Сағат 12:00-де қайтадан тазалау жұмыстары жоспарланған", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Суреттер: Алматы қаласы әкімдігі
Жол жиектеріндегі қар үйінділерін шығару жұмыстары басталған.
"75 шағын техника көмегімен тротуарлар, қоғамдық орындар, әлеуметтік маңызды нысандар тұрақтар тазаланып жатыр. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қолмен тазалау жұмыстары да қолға алынған", - деп жазылған мәліметте.
"Қазгидромет" РМК болжауынша, күндіз ауа температурасы 0…-2 °С, ал 12:00-ден кейін -5…-7 °С-қа дейін төмендейді. Түнде -11…-13 °С болады. 13 қаңтарға дейін жауын-шашын болмайды.
Мұз қату қаупіне байланысты жүргізушілерге жылдамдықты асырмауға, көліктер арасындағы қашықты сақтауға және қар тазалау жұмыстары жүріп жатқан аумақтарға көлік қоймауға кеңес беріледі.
Жаяу жүргіншілерге, әсіресе көру мүмкіндігі шектеулі жандарға тайғақ жолдарда, жолдан өткенде сақ болу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда рейстер кешіктірілуі мүмкін екені хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова