Алматыдағы Өжет шағынауданында жүк көлігінің жүргізушісіне маневр жасауға көмектескен жігітті бірнеше адам соққыға жыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға куәгері мән-жайды айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай 26 наурызда кешке Алатау ауданындағы Балпық би көшесінде болған.
Куәгердің айтуынша, жәбірленуші жігіт жүк көлігінің жүргізушісіне артқа қарай жүруге көмектескен. Осы кезде ол қарсы келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісінен көлігін тежеуді сұрап ымдаған.
"Көліктен бір топ адам шығып, оны ұра бастады. Не үшін екені түсініксіз", - деді оқиға куәгері.
Алматы полициясының мәліметінше, оқиғаға қатысушылар ұсталған. Оларға Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Жолдағы жанжал бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылар жедел анықталып, ұсталды", - деді ПД баспасөз қызметі өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!