Алматыда бір тоннадан астам пиротехникалық заттар тәркіленді

Алматы полициясы 2024 жылғы 5 желтоқсан мен 2025 жылғы 3 қаңтары аралығында өткізіліп жатқан "Пиротехника" жедел алдын алу іс-шарасының аралық қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс-шара басталғаннан бері полиция бөлімшелері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабы (Тауарлардың немесе басқа заттардың заңсыз айналымы) бойынша 134 құқықбұзушылықты анықтады.

Заңсыз айналымнан 1 мың 482 қораптан астам пиротехникалық бұйымдар тәркіленді.

"Тауарларды онлайн сату жүзеге асырылатын сауда нысандары, базарлар мен интернет-ресурстар тұрақты бақылауда. "Пиротехника" іс-шарасының мақсаты - жаңажылдық мерекелер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен олар пайдаланатын бұйымдар айналымының белгіленген ережелерін сақтауын қадағалау", - деп хабарлады полиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!