Алматыда бір отбасының үш келіні қылмыстық схема құрған

Алматыда қалта ұрлығын жасады деген күдікпен отбасылық топ ұсталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың Полиция департаменті мәліметінше, бір отбасының үш келіні туралы сөз болып отыр.

"Криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстық схеманың соңғы, яғни үшінші қатысушысын ұстады. Бұған дейін оның екі сыбайласы қолға түскен болатын. Қазір үшеуі де қамауға алынды", - деді полиция.

Тергеу мәліметінше, әйелдер алдын ала рөлдерді бөлісіп, адам көп жиналатын орындарды таңдаған. Негізгі нысандары базарлар, қоғамдық көлік және халық көп шоғырланатын өзге де орындар болған. Олар ұялы телефон, ақша және алтын бұйымдарды ұрлаған.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, дәлелдер жинап, қылмыстық топ қатысушыларын анықтаған.

Алдын ала мәлімет бойынша ұсталғандардың Алматы қаласы аумағында жасалған осындай ондаған қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазір соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!