Алматыда бір мезетте 80 шыршаның шамы жағылды

Алматыда бір мезетте 80 шыршаның шамы жағылды
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда бір мезетте 80 жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, бұл мерекелік маусымның символдық басталуын көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай алаңында Алматының жаңа жылдық бас шыршасының шамын жағу рәсімі өтті. Оның биіктігі - 25 метр. Биыл мегаполис шыршасы алғаш рет классикалық стильде жасалып, қаңқалы емес, табиғи діңді болды. Шыршаны безендіру үшін алты метр гирлянда, түрлі-түсті шар мен жаңа жылдық ойыншық қолданылған.

Рәсімге ауа райы ертегідей ерекше атмосфера сыйлады: жаңа жылдық арудың айналасын сиқырлы қар қоршап тұрды, ал мамықтай аппақ қар ұлпалары мегаполистің басты шыршасын безендіріп тұрды.

8 мыңнан астам алматылық пен мегаполис қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен шоуды тамашалады.

Концерттік бағдарламаны BS band үрмелі оркестрі ашып, жаңажылдық әуендерден попурри орындады. Роза Рымбаеваның сахнаға шығуы ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Халық әртісі "Снег идет" және "Жұлдызды жаңа жыл" әндерін орындап, кешті жылулық пен жағымды эмоцияға толтырды.

Бүгін алматылықтар мен қала қонақтарына жаңажылдық көңіл күйді Назым Әбілдина, Мәди Рымбаев, Динара және Балжан Бидаш сыйлады. Әсіресе жастар ALPHA тобы, Dakelot, ASTRA тобы, Малика YES және Adil өнерін асыға күтті.

"Мен Жаңа жылды қатты жақсы көремін. Мұндай шаралар бақыт сыйлайды. Мұндай керемет мерекені ұйымдастырған әкімдікке алғысым шексіз. Жауған қар да ерекше атмосфера сыйлап, бәрі ертегідей болды", - деді Алматы тұрғыны.

Turar-дың "Жаңа жыл" әнімен қаладағы алғашқы жаңажылдық концерт аяқталып, көрермендерге мереке алдында керемет көңіл күй сыйлады.

Ертегідегідей атмосфераны күймедегі Күлбике, Зімбір адам, бұғылар және басқа да кейіпкерлер бейнеленген көркем безендіру элементтері, жарқыраған фотоаймақтар мен жарық инсталляциялары толықтырды.

Айта кетейік, қаладағы барлық ауданда шырша жағу рәсімдері концерттер мен әртүрлі шаралармен бірге ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ бүгін Абай алаңында басты жаңа жылдық жәрмеңке ашылды. Ол 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін жұмыс істеп, тұрғындар мен қонақтарға кәдесыйлар, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен мерекелік әшекейлер ұсынады.

Еске салайық, бұған дейін 18 желтоқсанда Астанада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамын жағу рәсімі өткен еді. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан