Алматыда бір күнде жарты айдағы жауын-шашын жауған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалада жауын-шашынның рекорд мөлшері тіркелген. 10 мамыр сағат 11:00-ден бастап 11 мамыр сағат 20:00-ге дейін қала аумағына 50,4 мм жауын-шашын жауған. Бұл мамырға белгіленген айлық норманың (99 мм) 51 пайызына тең.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәліметінше, коммуналдық қызмет су басудың алдын алу, оларды жедел жою мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Құтқару қызметі де кезекшілікке кіріскен. Олардың қарамағында ассенизаторлық көлік пен 15 мотопомпа бар. Ал Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника мен 240 қызметкер тартылған.
Жалпы бір тәулік ішінде 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылған.
Синоптиктердің болжамынша, 12 мамырда Алматыда кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ал 13 мамырдан бастап жауын-шашын тоқтап, күн ала бұлтты болмақ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова