Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде қайғылы жағдай орын алды. Оқиға Жүнісова 8\8 мекенжайында, 11 тамыз күні кешкі сағат 22:30 шамасында болған. Анасының туған күніне жиналған ұл-қыздары бір сәтте 1 жастағы бүлдіршіннен көз жазып қалған. Салдарынан, кішкентай бала дәлізге шығып кетіп, 8-қабаттан құлап мерт болыпты. Марқұмның әпкесі болған оқиғаға құрылыс компаниясын кінәлап отыр. Баспалдақ маңындағы темір қоршаудың аралары ашық болуы салдарынан бала құлады дейді. Себебі екі жылдан бері мәселені қанша айтсақ та, қайғылы оқиғаға дейін қимылдаған бірде бір қызметкер болмаған екен. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып тұрғындармен тілдесіп қайтты.
"Екі жыл бұрын берілген үйде камера істемейді. Оның өзін тұрғындардың бірі темекі тастап, үй өртенуге шақ қалғанда барып орнатып берді. Екі жыл бойы баспалдақтардың қоршауына қатысты арыз-шағым жазылып келеді. Бұл жағдай бір емес бірнеше мәрте болған. Мәселен, кеше менің ата-анама Жүнісова, 8\7 үйде тұратын көршілер хабарласып бастарынан осындай жағдайдың өткенін айтты. Кішкентай бала 3-қабаттан құлап аяқ-қолын сындырған. "Біз құрылыс компаниясына бардық. Бірақ қуып шықты деді". Бұл компанияның баспалдақтың қоршауын жасаймыз дегеніне 2 жыл болды. Бала өлген соң 2 күннен кейін жасап береміз деді. Тіпті бізден кешірім де сұраған жоқ. Үй салған компания баламыздың түбіне жетті", - дейді Айжан есімді әпкесі.
"Жазатайым оқиға салдарынан қаза болған бүлдіршіннің ата-анасы мен туыстарына компаниямыз қайғыра көңіл айтады. Бұл жағдай сағат кешкі 11 жарымда болған. Кішкентай ата-анасымен бірге қонаққа келген екен, содан соң осы жайсыз жағдай орын алып, бала баспалдақ саңылауынан құлап кеткен. Қазір тергеу органдары оқиғаның егжей-тегжейін анықтауда. Осы тұрғын үй кешенінде орнатылған қоршаулар ҚР ҚНжЕ нормалары бойынша стандартқа сай. Бірақ біз өз тарапымыздан жақын арада тек осы тұрғын үй кешенінде ғана емес, басқаларында да қосымша қауіпсіздік шараларын қолданамыз", - дейді ол.
"Бүкіл қалада баспалдақ қоршаулары осылай алшақ орналасқан. Сондықтан біз баспалдақ қоршауына көлденең емес, тігінен трубалар орнатуды көздеп отырмыз. Бізде қазір бұл іспен айналысатын 4 мердігер бар. Ертеңнен бастап жұмысқа кірісеміз. Алдымен осы маңдағы 4 үйге орнатуды бастаймыз. Қыркүйек айына дейін бітіріп беруге тырысамыз. Алайда осы уақыт аралығында біз физикалық тұрғыда барлығына бірдей орнатуға үлгереміз бе білмеймін" дейді құрылыс компаниясы өкілдері.
"Алдымен баспалдақтың араларын тормен бітесе дейміз. Содан кейін әр этаждағы камераларды қоссын. Біздегі бейнебақылау камераларының біреуі де істемейді. Сонымен қатар өрт болған жағдайда дабыл беретін құрылғылар дұрыс жұмыс жасамайды. Электр жүйесімен де мәселе көп. Нақты жұмыстар атқарылмайынша құрғақ уәдеге тойдық. Балаларымызды ары-бері көшеге шығаруға қорқатын болдық. Қауіпсіздікке баса мән берілсе дейміз", - деді Назгүл Тоқтасынқызы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз