Алматы қаласында өзін қалалық тұрғын үй басқармасының қызметкері етіп таныстырған алаяқ әйел сатылатын пәтерлерді ұсынып, ондаған адамды алдап кеткен. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Медеу аудандық прокурорының көмекшісі Ержан Құрақбаев айтты.
Оның айтуынша, 48 жастағы әйел жәбірленушілерге мемлекеттік бағдарламамен арзан баспана әперетінін айтып сендірген. Оның үстіне әйел пәтерлерді болашақ жәбірленушілерге көрсету үшін жалға алған. Сатып алғандар бұл пәтерлерге көшіп үлгерген. Алаяқ әр сатып алушыдан түрлі сомада қаражат алған. Жалпы шығын - 300 мың АҚШ доллар (72,9 миллион теңге). Ол құжаттарын кейін тіркеп беретінін айтқан. Алайда алматылықтар оның ісіне күмәнданып, полицияға хабар береді.
Бақылау органы өкілінің айтуынша, таяуда Медеу аудандық соты әйелді алты жылға мүлкін тәркілей отырып бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Алаяқ әйел жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды.