Алматыдағы ауа сапасына қатысты қоғамдық мониторинг нәтижеcі таныстырылды. Бұл туралы Almaty Air Initiative қорының директоры Жұлдыз Сәулебекова ӨКҚ-да өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, биыл алғашқы төрт айдағы 52 күнде қалада ауа ластануы жоғары деңгейде тіркелген. Яғни бұл шамамен әрбір екінші күні ауа сапасы нашарлағанын көрсетеді. Ал небәрі 19 күнде ғана ауа таза болған. Кейінгі айларда PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа концентрациясы нормадан айтарлықтай асып кеткен.
Мониторинг жүргізу мақсатында Almaty Air Initiative қоры қала бойынша 170 арнайы датчик орнатқан. Зерттеу нәтижесі көлік факторына ерекше назар аударуды қажет ететінін көрсеткен. Себебі азот диоксидінің деңгейі белгіленген нормадан жоғары.
Қаладағы көліктердің 55 пайыздан астамы 10 жылдан асқан, ал экологиялық санаты төмен көліктер зиян қоспалардың 80 пайызына дейінгі мөлшерде шығарады. Әсіресе, жүк көліктерінің үлесі жоғары. Оларға жалпы қозғалыстың тек 3 пайызы тән болса да, зиян бөлшектердің 64 пайызын шығарады. Орта есеппен бір жүк көлігінің зияны 20 жеңіл көлікке тең келеді.
Мамандардың пікірінше, мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!