Алматы қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған төрт жасар балаға күрделі ота жасап, аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бала аурухананың қабылдау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеріс барысында дәрігерлер одан көптеген жарақатты анықтаған.
Сурет: Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
Науқастың жағдайын ескерген мамандар емдеуді екі кезең арқылы жүргізу туралы шешім қабылдаған.
"Күрделі отаны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаевтың жетекшілігімен нейрохирургтер Мұхтар Ибрагимов пен Алтай Анарбай жасады. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында дәрігерлер баланың қозғалу және сезіну қабілетін сақтап қалды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір кішкентай науқастың жағдайы едәуір жақсарған. Ол стационарлық ем аяқталғаннан кейін үйіне шығарылып, оңалтуды жалғастырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова