Алматының Алатау ауданындағы Дарабоз ықшамауданында атыс болды. Қару асынған белгісіз ер адам атыс шығарған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға туралы куәгерлер хабарлады, тұрғындар қара киім киген ер адам аулада қару асынып жүргенін байқаған. Кейінірек атыс даусы естілген видео таралды. Tengrinews.kz тілшісі оқиға орнына жетті. Полиция аумақты қоршаған.
Сәлден кейін ер адамды полицейлер ұстағаны түсірілген видео пайда болды.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Полиция мәліметінше, сағат 22.00 шамасында 102 пультіне Алматы қаласының Алатау ауданының жеке секторында жүрген қарулы ер адам туралы хабарлама келіп түскенін хабарлады. Қазіргі уақытта патрульдік полиция мен арнайы жасақ күштері айыпталушыны ұстау және басқа да мән-жайларды анықтау үшін шаралар қабылдап, ер адам ұсталғаны хабарланып отыр.
Сондай-ақ, полицейлердің мәліметінше, атыстан ешкім зардап шеккен жоқ.
Кейінірек полиция өкілдері құқық бұзған адамның мотивін айтты. Сөйтсе, ер адам жұбайымен жанжалдасқаннан кейін осындай әрекетке барғанын айтыпты. Енді полиция ер адамның іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтып отыр.