- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда "Байқоңыр" қысқаметраж...
Алматыда "Байқоңыр" қысқаметраж фильмдер фестивалінде "қарапайым қазақстандықтардың өмірі" көрсетіліп жатыр
Алматыда "Байқоңыр" қысқаметраж республикалық кинфестивалі ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
15-16 қыркүйекте көрермендер Қазақстанның жас режиссерлерінің картиналарын тамашалай алады. Басты конкурстық бағдарламада 140 өтінімнен іріктелген 35 қысқаметраж фильм бар.
Фестиваль "Ид" анимациялық фильмінен басталды. © Tengrinews.kz
"Байқоңыр" осымен екінші мәрте өтіп жатыр. Биыл бағдарламаға екі жаңа аталым қосылды: "Қоюшы-суретші" және "Қазылар алқасының арнайы жүлдесі". Тағы бір жағымды жаңалығы қатысушылардың үздік фильмдері "ЕлАрна" телеарнасынан көрсетілетінінде. Картиналардың ішінде 48 сағатта түсірілгендері де бар.
Жеңімпаздарға өткен жылғыдай алтын жалатылған бірегей мүсін мен диплом тапсырылады. Сонымен қатар, фестивальдің үздік қоюшысы New York Film Academy-ден режиссура бойынша шеберлік дәрісіне сертификат алады.
Конкурстың қазылар алқасы мүшелігіне қазақстандық белгілі кинематографшылар енді: режиссер Эля Гельман, сценарист Алия Байжанова, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов, продюсер Анара Қашағанова, актриса Гүлнара Досматова, документалист Жәнібек Жетіруов, оператор Азамат Дулатов, киносыншы Ғалия Байжанова, режиссер, "Байқоңыр-2016" жеңімпазы Шарипа Оразбаева. Қазылар алқасын киноматографшылар одағының төрағасы Азат Ыбыраев басқарады. "Қатысушылардан бірнеше категорияда жұмыстар күтеміз. Бірінші кезекте техникалық кәсібиліктің деңгейін көргімі келеді: оператордың, суретшінің, режиссердің және актерлердің жұмысын. Екіншіден, әрине, шығармашылық жағы, картинада қандай оқиға айтылатыны. "Байқоңырда" түрлі қалалар мен мектептерден фильмдер ұсынылған, сондықтан жастарды не қызықтыратыны, не алаңдататыны қызық", - деді Ахат Ыбыраев.
Өз кезегінде "Байқоңыр" қысқаметраж фильмдер кинофестивалінің директоры Әнуар Кенжебаев қатысушылардың қысқаметраж картиналарында көбінде тұрмыстық тақырып ашылғанын айтып берді. "Тұрмыстық мәселелер көбірек, яғни картиналар негізінде қарапайым қазақстандықтардың күнделікті өмірі. Негізінен режиссерлердің дені жас жігіттер. Халықаралық фестивальдарда жүлде алған картиналар да болады. Мықты режиссерлердің халықаралық фестивальдарда болған картиналары конкурс бағдарламасынан тыс көрсетіледі. Мәселен өздігінен үйренген жігіттер де бар, "Мен хирургпін" деректі фильмін медициналық университеттің студенті түсірген. Фестиваль өте қызық болады деп отырмыз", - дейді Кенжебаев.
Кинокөрсетілімдермен қатар фестивальде бірнеше кездесу өтеді. Актриса Қарлығаш Мұхамеджанова қонақтарға жетістікке жету құпиясын ашады, ал "Khan-комикс" арт-студиясының жетекшісі Оразхан Жақып "Қазақстандағы супер-қаһармандар. Олар кім?" тақырыбында әңгіме жүргізеді.
Айта кетейік, фестиваль "Көк Төбеде" өтіп жатыр. Кіру тегін.
О. Сансызбай